“Білім беру туризмі” жобасы аясындағы Lesson Study бойынша екінші семинар, Токио қ. (Жапония), 17-19 ақпан 2020 ж.

2020 жылдың ақпан айының 17-і мен 19-ы аралығында қазақстандық делегация Педагогикалық шеберлік орталығының әзірлеген «Білім беру туризмі» жобасының аясында Токио қаласында (Жапония) ұйымдастырылып, өткізілген «Сабақты зерттеу: жапон мектептерінің тәжірибесі» тақырыбындағы халықаралық семинарға қатысты.

Делегация құрамына Нұр-Сұлтан қаласының жалпы білім беретін мектеп директорлары мен директорлардың орынбасарлары, пән мұғалімдері, Білім Басқармасы және Білім беруді жаңғырту орталығының қызметкерлері (барлығы 21 қатысушы) кірді. Олар Жапония елінің Білім беру министрлігі базасында Сабақты зерттеу бойынша сарапшы болып табылатын білім беру саласындағы Саясатты Зерттеудің Ұлтты Институтының (NIER) аға ғылыми қызметкері Тошия Чичибу мырзаның «Сабақты зерттеуді қалай жүргізу керек?», «Сабақты зерттеудің түрлері» және Азабу білім беру Институтының директоры,  халықаралық кеңес беруші, Жапония, Индонезия, Сингапур және Мьянма елдерінде Сабақты зерттеуді енгізу бойынша тәуелсіз сарапшы Масацугу Мурасэнің «Оқушылардан үйрену, Сабақты зерттеудегі «Бақылаудың» мән-мағынасы» тақырыптарында өткізген шеберлік сыныптарына қатысып, Сабақты зерттеу тәсілі туралы өздерінің білімдерін толықтырды. Қатысушылар жапондық білім беру жүйесіндегі Сабақты зерттеу үдерісінің рөлі және оның қалайша жүзеге асырылатыны жөніндегі ақпаратқа үлкен қызығушылық танытып, соған қатысты туындаған сауалдарын қоюға мүмкіндік алды. Жапондық сарапшылар барлық сұрақтарға жауап беріп, өздерінің тәжірибелерімен бөлісті. Әсіресе «Біз Сабақты зерттеуді бағалау мақсатында емес, қолдау көрсету, көмектесу мақсатында қолданамыз» деген жауап ерекше есте қалды.

Сонымен қатар қазақстандық делегация бастауыш және орта мектепке бару мүмкіндігіне ие болды. Бастауыш Inaridai Elementary School мектебі Йокогама қаласында орналасқан. Онда барлығы 24 мұғалім жұмыс істейді және 370 оқушы білім алады. Семинар қатысушылары сабақтарды талқылау үдерісіне қатысып, жапондық әріптестердің талқылауды қалай жүргізетінін бақылап, тиісті жазбалар жасап отырды. Қазір Жапонияда оқу жылының соңы болғандықтан мұғалімдер Сабақты зерттеудің жыл бойы өткізілген циклдері бойынша талқылау жасап, келесі оқу жылына арналған жоспар құруда. Жапондық әріптестер өзін-өзі реттеудің жоғары дағдылары мен өздерінің қарапайымдылығымен таң қалдырды. Тайм-менеджмент және ережелерді сақтау, бәлкім, осы елдің негізгі құпияларының бірі болып табылатын шығар. Мұғалімдер сабақ беретін сыныптар бойынша топтарға бірігіп (әрбір топта 4 мұғалімнен), белгілі алгоритм бойынша жұмыс істеді. Топ мүшелері өздерінің сабақтары аясында туындаған түйінді мәселелер бойынша жинақталған дәлелдемелер (фотосуреттер, оқушылардың жұмыстары, т.с.с.) негізінде талқылау жүргізді және талқылау нәтижелері флипчарт бетіне түсіріліп отырды.

Екінші мектеп Kamitabashi Daini School қазақстандық педагогтерге үш сабаққа қатысып, бақылауға мүмкіндік жасады. Үй шаруашылығы (Home Economics) сабағында оқушылар ешбір құралды қолданбай, өздерінің қолдарымен сардина балығын тазалап, жіліктеді. Содан кейін  оны қуырып, түскі ас ретінде онымен тамақтанды. қа өздерінің дайындаған  Технология (Technology) сабағында оқушылар ағаштан өздері құрастырып, жасаған түрлі үй жабдықтарын бағалады. Бағалау критерийлері арнайы органайзерге енгізіліп, жасалған үй жабдығының суретімен оқушыларға ұсынылды. Өзін-өзі бағалауды жүзеге асырып болған соң оқушылар өзара бағалау жүргізді. Осылайша олар өздерінің жұмыстарын таныстыруға және сол бойынша талқылау жасауға мүмкіндік алды. Үшінші ғылым (Science) сабағында оқушылар тастардың түрлерін нақты белгілер және критерийлер бойынша анықтады. Сабақтар аяқталған соң сабақты талқылау жүргізілді. Талқылауға тек аталған мектеп мұғалімдері ғана емес, сонымен қатар сол мектепке жақын орналасқан басқа да мектептердің директорлары, пән мұғалімдері және университет оқытушылары қатысты. Жапондық әріптестер сабақтарға қатысты қызу талдау жүргізіп, оларды жақсарту бойынша нақты ұсыныстар айтып, өздерінің пікірлерін білдірді. Ешқандай дау-дамай туындамады. Сабақты өткізген мұғалімдер айтылған ұсыныстарды қабылдап, келешекте сабақтарына қандай өзгерістер енгізетіні туралы ашық айтты.

Токио қаласына іссапар оқу бағдарламасымен қоса мәдени бағдарламаны да қамтыды. Мәдени бағдарлама аясында қатысушылар Жапония елінің көрікті, әрі баршаға танымал жерлерімен танысты. Мәселен, Сибуя жеті жол торабы, адал ит Хатикоға арналған ескерткіш, «Күміс сарай» ауданы Гиндза, Токионың ең ескі буддизмдік «Сэнсодзи» храмы, Накамисэ Дори – ежелгі Жапония бұрышының сауда көшесі, әлемдегі ең биік Sky Tree телемұнара.

Бұл іссапардың ең басты нәтижесі ретінде қазақстандық педагогтердің Қазақстанда, өз мектептерінде өз сабақтарын, өз оқыту тәжірибелерін Lesson Studу тәсілін қолдану арқылы жақсартуға шабыт алуларын айтуға болады. Себебі қазіргі таңда Lesson Studу мұғалімдердің кәсіби біліктіліктерін жетілдірудің анағұрлым тиімді, әрі демократиялық тәсілі болып табылады.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *